Психолог кеңесі
Балаңызды буллингтен қалай қорғайсыз?
Буллинг – баланың психикасына ауыр әсер ететін өте маңызды мәселе. Ата-ана ретінде сіздің рөліңіз – баланы қорғау мен қолдаудың негізгі тірегі. Төмендегі кеңестер көмектесе алады:
- Ашық қарым-қатынас орнатыңыз
– Балаңызбен күнделікті сөйлесіп, мектепте не болып жатқанын, көңіл күйін біліп отырыңыз.
– «Сені біреу ренжітті ме?», «Біреу сенімен дөрекі сөйлесті ме?» деген сұрақтарды қойып көріңіз.
- Тыңдай біліңіз
– Бала сөйлегенде оны бөлмей тыңдап, кінәламай, ұрыспай түсінуге тырысыңыз.
– «Өзің де кінәлісің» деген сөзден аулақ болыңыз.
- Қорғануға үйретіңіз
– Өз ойын ашық айту, «жоқ» деп айту, көзбен байланыс орнату секілді қарапайым дағдыларды үйретіңіз.
– Ауызша шабуылға сабырмен жауап беруді, қажет болса, үлкендерге айту керектігін түсіндіріңіз.
- Өзін-өзі бағалауын көтеріңіз
– Балаға жиі мақтау айтып, қолдап отырыңыз. Бұл оның ішкі сенімділігін нығайтады.
– Қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріңіз (үйірме, спорт, өнер т.б.).
- Мектеппен байланыста болыңыз
– Сынып жетекшісімен, мектеп психологымен, әлеуметтік педагогпен байланыста болып, жағдайды бірге талқылаңыз.
- Үлгі болыңыз
– Өзіңіз де өзгеге құрметпен қарап, балаға дұрыс мінез үлгісін көрсетіңіз.
Есіңізде болсын:
Балаңыз өзін қауіпсіз, қолдауда сезінсе, ол кез келген қиындықты жеңе алады.
Бала үшін сіз – ең сенімді қорғансыз!
Автор: Қарғалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Ермаханова Акмарал Габитовна































